Костенко шахтасындағы апат: қаза тапқан кеншілер саны 45-ке жетті

Автор: Azattyq Rýhy

Шахтада аварияны жою жөніндегі жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде
 

Фото ашық дереккөзден

Костенко шахтасындағы апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің саны 45-ке жетті. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта 45 кеншінің денесі табылды, 1 кеншіні іздеу жалғасуда.

Жұмыстар бір-бірінен шамамен 6 км қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесі ауданында жүргізілуде.

Кеншілер орналасуы мүмкін ықтимал учаскелерге тау-кен құтқарушыларының өтуінің барлық мүмкін жолдары пысықталуда.

Апаттың болжамды эпицентрін тексеру үшін ТЖ министрі Сырым Шәріпханов шахтаға түсті.

Тексеру барысында өрт пен жарылыстың әсеріне ұшыраған қазбалар қаралды, онда:

  • шахта жабдығының бұзылуы және жылжуы;
  • металл-аркалы бекіту элементтеріндегі шаң шөгінділері;
  • желдету құрылыстарының зақымдануы анықталды.

Көзге көрінетін жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты. Сонымен қатар, Сырым Шәріпханов аварияны тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия мүшелерімен отырыс өткізді.

Жұмыстарды жан-жақты қамтамасыз ету ТЖ министрінің жеке бақылауында. Жұмыс жалғасуда.