Апатқа айыпты адам бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Ақтау-Жаңаөзен тасжолында төрт автокөлік соқтығысып, бір жолаушы қайтыс болды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғасы кеше, 26 қызын күні сағат 14:00 шамасында Ақтау-Жаңаөзен тасжолының 43 шақырымында болды.
«КамАЗ», Volkswagen Sharan, Lada және «ГАЗ 330253» маркалы төрт көлік соқтығысқан.
«Жол апаты салдарынан Lada маркалы автокөліктің 49 жастағы жолаушысы оқиға орнында мерт болды. Жараланған төрт адам облыстық ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция өкілдері бұл оқиға сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі бойынша тіркелгенін атап өтті. Тергеу жүріп жатыр. Басқа ақпарат тергеу кезінде жарияланбайды.