Жетісу облысында ауылдық жолда көлік апатынан екі адам қаза болды

Автор: Azattyq Rýhy

Қайғылы оқиға Көктал – Әулиеағаш тасжолында болған

Жетісу облысында ауылдық жолда көлік апатынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек 16 қазанда Панфилов ауданында тіркелген.

«Көктал – Әулиеағаш тасжолының 6-шақырымында Mercedes GL-450 автокөлігі аударылып кеткен. Көлік салонында 1989 және 1990 жылдары туған екі ер адам болған, олардың бірі оқиға орнында көз жұмды, екіншісі аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды», - делінген хабарламада.

Жол апатының барлық мән-жайы факті бойынша басталған қылмыстық тергеу барысында анықталады.

«Құрметті жүргізушілер, аймақтық полиция  ҚР Жол ережелерін қатаң сақтауды талап етеді. Автожолдарда мұқият болыңыз. Сіздердің әрқайсыларыңыз өз өмірлеріңіз үшін ғана емес, жолаушыларыңыздың қауіпсіздігі үшін де жауап бересіздер», - деп ескертеді ПД өкілдері.