Таразда автокөлік жуу орталығының жұмысшысы клиенттің көлігін ұрлап кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Таразда 38 жастағы тұрғын «102» тетігіне хабарласып, «Range Rover» люкс маркалы автокөлігінің ұрланғаны туралы хабар берген. Мас күйдегі көлік жуушы күзетшіден автокөлік кілттерін алаяқтық жолмен иемденіп, қала ішінде серуендеуге шешім қабылдап, көп ұзамай Алматы қаласына қарай  бағыт алған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 200-бабы 3-бөлігімен (Айдап кету) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

«Барлық полиция бөлімдеріне көлік құралының деректері көрсетілген бағдарлар жіберілді. "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" автожолының 315-шақырымында патрульдеу жүргізіп жүрген ПД ППБ 2-взводының қызметкерлері аталған автокөлікті байқап, оны тоқтату шараларын қабылдаған. Полиция инспекторлары Қостанай облысының 19 жастағы тұрғынын ұстады. Оның осындай қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотты болғандығы анықталды», - делінген хабарламада.

 Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.