Шектеулер енгізілді: Қарағанды облысында бруцеллез ауруы асқынып тұр

Автор: Аманалина Тоғжан

Жыл басынан бері 19 адам бруцеллез жұқтырған

Фото: agroportal-ziz.ru

Қарағанды облысында бруцеллез ауруы асқынуынан үш ауданда ветеринарлық шектеулер енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Осыған байланысты дәрігерлер де дабыл қаға бастаған. Өйткені аталған кеселдің малдан адамға жұғу жағдайы жылдағыдан көп екен.

Аша тұяқтыларға жабысатын ауру Қарқаралы, Нұра және Ақтоғай аудандарында анықталған. Ондағы Қусақ, Мәди және Мыңбаев ауылдарынан ет және сүт өнімдерін шығаруға тыйым салыныпты.

Ауырған 200-ден аса ірі қара ет комбинаттарына жөнелтілген. Әр бастың нарықтық құны өтеліп жатыр. Ауру ошағы анықталған малдардан әр екі апта сайын сынама алынып отыр.

Бруцеллездің адамға жұғу жағдайын санитар дәрігерлер де айтуда. Жыл басынан бері 19 адам бруцеллез жұқтырған. Олардың қызуы көтеріліп, ұйқысы қашып, белі ауырады. Дәрігерлер ірі қара өнімдерін ветеринария бақылауы бар базарлар мен дүкендерден алу керектігін айтады. Сақтық үшін ет пен сүтті ұзақ уақыт қайнатқан дұрыс дейді мамандар.

«Эпидемиологиялық тексеріс барысында адамдардың 61 пайызы бруцеллезді жұқтыру көзі сүт пен сүт өнімдерін термиялық өңдеусіз тағамға пайдалану және оны жеке тұлғалардан сатып алғаны анықталды. 38 пайызы жағдайда мал иелерінде ауыл шарушалық жағдайында малбаққанда санитарлық нормалар мен ережелерді бұзып, уақтылы зертханада тексермегені анықталды», - деді Қарағанды облысы санитария- эпидемиологины бақылау департаментінің ресми өкілі Айгүл Шәтекова.