Шымкентте зейнеткер қызын құтқару үшін жалған тергеушіге қомақты қаржы берген

Автор: Аманалина Тоғжан

22 жастағы күдікті ұсталып, тергеу амалдары басталды

фото: otyrar.kz

Шымкентте 83 жастағы әжей қызын құтқару үшін жалған тергеушіге қомақты қаржы берген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қарт әйелді түн ортасында белгісіз біреудің үй телефонына шалған қоңырауы оятқан. Ер адам өзін Шымкент қаласы полиция департаментінің тергеушісі ретінде таныстырып, зейнеткердің қызы ауыр жол-көлік оқиғасын жасады деген айыппен ұсталғанын хабарлаған.

Жалған полиция қызметкері егер анасы ақшасын төлесе, күдіктіні қазір босатуға болады деп сендірген. Әбден қорыққан қала тұрғыны қызының түрмеге түспеуі үшін бар жиған-тергенін беруге келіскен.

Әңгімелесуші ақшаға курьер келгенше ешбір жағдайда телефон тұтқасын қоймауды бұйырған. Келген жігітке әжей 900 мың теңге мен 500 долларды қолма-қол тапсырған.

Жәбірленушінің ұйқысыз өткен түні туралы білген туыстары полицияға болған оқиғаны хабарлады. Аталған жайт бойынша тергеушілер «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Тұран АПБ-ның жедел уәкілдері іздеу шараларының нәтижесінде мекен-жайдан ақша алған курьердің жеке басын анықтап, ұстады.

Ол 22 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ұсталған адам мобильді мессенджер арқылы алған нұсқаулары бойынша әрекет еткенін мойындады. Ол алған ақшаның 90% -ын онлайн – жұмыс берушілердің есеп шотына аударып, қалған соманы өзінің жалақысы ретінде алып қалып отырған. Полиция оның осыған ұқсас басқа да жайттарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Тергеу барысында интернет-алаяқтық жасаған күдіктінің сыбайластары анықталады.