Шымкентте ер адам теннис орталығының 1 млн теңге тұратын техникасын ұрлап кеткен

Автор: Мира Байбек

Күдікті қамауға алынды

Шымкентте теннис орталығынан құны 1 миллион теңгеден асатын техниканы ұрлаған рецидивист ұры ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, ұрланған ноутбуктер мен смартфондар елордадан теннис турнирін өткізуге келген комиссия мүшелеріне тиесілі болып шықты.

«Бейнекамералардағы жазбаларды зерделеу кезінде, қаскүнем теннис ойнауға келгендей, спорт орталығына емін-еркін кіргені және ашық тұрған қызметтік бөлмеден қымбат техниканы қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалағаны белгілі болды. Күдікті – бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған 27 жастағы қала тұрғыны», - делінген хабарламада.

Азаматтың тағы 7 ұрлық фактісіне қатысы бары анықталды.

«Күдікті тағы бір ұрланған смартфонды кездейсоқ сатып алушыларға өткізу үстінде ұсталды. Ол бір ай ішінде өзгенің 4 ұялы телефонын, ноутбук пен 2 ойын приставкасын иемденген. Жалпы сомасы 2 млн теңгеден астам шығын емдеу орталығының, интернет-клуб және стоматологияның жұмысшылары мен шаштаразға келтірілген», - делңнген ПД хабарламасында.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Ұсталған ер адам қамауға алынды.