«Моңғолдар!»: Болгарияда қазақ балалары соққыға жығылды

Автор: Azattyq Rýhy

Кикілжің видеоға түсіріліп, әлеуметтік желіде тарады

Журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында Болгариядағы турнирге аттанған Қазақстан құрамасындағы балалардың таяқ жегені туралы жазды. Тіпті, бұл қақтығыстың қалай болғанын көрсететін видео да жүктелген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Аталған оқиға туралы адвокат Мағжан Бейімбетов өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған.

«Мен ұлымды Болгарияның Обзор қаласына футболдан жарысқа жібердім. Шынымды айтсам, Болгария тұрғындарының Қазақстан азаматтарына деген қатынасынан шошып отырмын. Бүгін, құраманың мүшесі – 11 жастағы баланы ұрып тастады. Ойын кезінде болгар ата-ананың бірі оны соққыға жыққан. Жаттықтырушыны да ұруға барды. Ең қызығы, болгарлар қазақтарды «моңғолдар» деп атады. Өзбек бауырларға да олар қол көтерді», - деп жазады ол.

Мағжан Бейімбетов өзінің жазбасында Сыртқы істер министрлігіне, Болгариядағы Қазақстан елшілігіне бұл жайында хабарлағанын айтқан. Алайда, әлі бұл іс бойынша нақты ешандай жауап болмаған.

«Төлқұжаттар көшірмесін алғаннан басқа, сіздер ешқандай амал жасаған жоқсыздар. Біздің балалар қауіпсіз жерде ме? Ешкімнің шаруасы жоқ! Балаларды тексеру үшін дәрігер де келген жоқ. ҚР Бас прокуратурасы, сіздер де балаларымызды ренжітіп, қарап отырасыздар ма?» - деп жанайқайын жеткізді.

Пост авторы расизм көрсетілгенін айтып, дабыл қағуда. Сондай-ақ балалар мен жаттықтырушының қауіпсіздігі үшін араша түсуді сұрап отыр.

Бейімбетов өз хабарламасына төбелес видеосын да тіркеген. Бұл мәселеге қатысты желі қолданушылары Сыртқы істер министрлігінің және Болгариядағы Қазақстан елшілігінің араласуын сұрады. «Моңғол сөзін адамды кемсіту мақсатында қолданған. Бұл жерде моңғолдар да арыздана алады», «Сыртқы істер министрлігі, балалардың құқығы тапталды», тағы басқа хабарламалар жазылған. 

Авторы: Сымбат Ғалымжан