Атырауда қаржы пирамидасын құрғандардың ісі сотқа жіберілді

Автор: Мира Байбек

Арыздар бойынша залал сомасы 49 млн теңгеден асады

Коллаж: Azattyq Ruhy

Атырауда қаржы пирамидасын құрған тұлғалар әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, аталған азаматтар «QazHome» тұтыну кооперативінің жеке және заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге де мүлкін тартудан кіріс алу, кейбір қатысушылардың активтерін қайта бөлу және басқалардың жарналары есебінен байыту қызметін ұйымдастырды.

Осы факті бойынша қылмыстық істі ҚМА Атырау облысы бойынша департаменті тергеп жатыр.

«Тергеу барысында анықталғандай, кооператив қызметіне 296 салымшы тартылған. Олардың тек 35-і ғана шағымданып, арыз жазды. Арыздар бойынша залал сомасы 49 млн теңгеден асады», - делінген агенттік хабарламасында.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.