Наурызым қорығындағы өрттен бір жұмысшы зардап шекті - ТЖД

Автор: Аманалина Тоғжан

Мемлекеттік табиғи қорық аумағындағы өртті сөндіру жалғасып жатыр

Фото: inbusiness.kz

Наурызым қорығындағы өрттен бір жұмысшы зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 09:50-де қорық аумағына «Қазвиаорманқорғау» тікұшағымен ұшып барлау жүргізілді.

Ұшу нәтижелері бойынша жанып жатқан ашық от көзі табылған жоқ, өрттің таралу қаупі жоқ.

Көлдің ішінде құрғақ қамыс жанып жатқан Бишағай орманшылығында, Наурызым орманшылығында, сондай-ақ Қарамайшы бөлімшесінің ауданындағы жекелеген түтін учаскелерін сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Барлық жану учаскелерінде жер жыртылып жатыр.

Өрт орнында 202 адам, 55 бірлік техника жұмыс істеуде.

Өрттің жалпы ауданы анықталып жатыр.

Елді мекендерге қауіп жоқ. Қаза тапқандар жоқ. Өрттен 1966 жылы туған қорықтың жұмысшысы зардап шекті, қолдары мен аяқтарының 30%-ы күйіп 1, 2 дәрежелі күйік алып, орташа ауыр жағдайда Науырзым ауданының ОАА хирургия бөліміне жеткізілді.