Жүргізушіге қатысты бес бап бойынша хаттамалар толтырылды
Әлеуметтік желілердегі пабликтерде Петропавл қаласында Жұмабаев көшесіндегі полиция басқармасының алдында Lada Grantа автокөлігін мінген жүргізушінің дрифт жасап жатқаны көрсетілген бейнежазба тарады. Желі қолданушыларының сөзінше, жүргізушінің бұл әрекеті 18 тамызда таңға жақын жасалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іздестіру іс-шаралары барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері автокөлікті Пестрое көлінің маңындағы саяжай учаскелерінің бірінен тапты. Көп ұзамай жүргізуші де ұсталды. Ол облыс орталығының 42 жастағы тұрғыны болып шықты.
Ер адам көлік тізгінінде өзі болғанын растады. Өзінің бұлай жасауына жеке өміріндегі қиыншылықтарға байланысты туындаған эмоциялық күйзелісі себеп болғанын айтты.
Жасалған бұзушылықтар үшін жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 596, 590, 591, 593 және 595-баптары бойынша хаттамалар толтырылды.
Бес баптың төртеуі бойынша әкімшілік айыппұлдар салу көзделген; қарама-қарсы қозғалыс жолына шыққаны үшін 6 айға көлік басқару құқығынан айырылады.