Қостанайда мектеп директорының құжатымен ақша жымқырған бас есепші сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Оған мемлекеттік сатып алу саласында алаяқтық жасады деген айып тағылды

Фото ашық дереккөзден

Қостанайда мектеп-лицей интернатының директорының ЭСҚ көмегімен ақша жымқырған бас есепшісге қатысты істі қаралды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қалалық №2 сотында «Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының «Озат» «Ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты» КММ-нің бас есепшісіне қатысты мемлекеттік сатып алу саласында алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық іс қаралды.

Сот  анықтағандай, 2022 жылдың 16 наурызында директор Ш.-ның атынан жеткізуші «М» ЖШС мен директор Р.-ның атынан «Озат» КММ тапсырыс беруші арасында 22 087 600 теңгеге азық-түлік жеткізуге шарт жасалған. Өнім беруші шарт бойынша өз міндеттемелерін еш заңбұзушылықсыз толық көлемде орындаған.

«Жауапкер А. бас есепші бола тұра және «Озат» КММ директоры Р.-ның сеніміне пайдаланып, оның ЭСҚ көмегімен 2023 жылдың 05 қаңтарында «М» ЖШС-мен 20 985 450 теңге сомасына 31 желтоқсанға дейін жарамдылық мерзімімен азық-түлік жеткізуге келісім шарт жасасқан.

Өнімді жеткізу мерзімін ұзарту туралы шарт жасасқаны үшін сыйақы ретінде сотталушы А. жеткізуші Ш.-ға келісімшарт бойынша аударылған соманың 10% мөлшерінде қаражаты өзіне аударуды ұсынған. Соңғысы бас тартқан жағдайда «шарт жасалмайды» делінгендіктен, онымен келіскен. Осылайша, А.-ның әрекетімен жалпы сомасы 1 956 600 теңге материалдық шығын келтірілген», - делінген сот  хабарламасында.

Сотқа дейінгі тергеу органы істі сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу тәртібімен тергеп, сотта іс қысқартылған тәртіпте қаралды.

«Сот сотталушының жеке басын, жасалған әрекетінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайларын, сондай-ақ келтірілген залалды толық көлемде өтеуін ескере отырып, А.-ға 3 жыл мерзімге есепші лауазымын атқару құқығынан айыра отырып, 300 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындады», - делінген хабарламада.