Елордада жатақхана өртеніп, 60 адам эвакуацияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Өртті сөндіруге 41 адам мен 9 бірлік техника жұмылдырылды

Фото ашық дереккөзден

Елордалық өрт сөндірушілер өртті сөндіру кезінде адамдарды құтқарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қалалық ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, 23 шілдеде сағат 21.57-де өрт сөндіру бөлімшелеріне Көктал ауданында жатақхана жанып жатқаны туралы хабарлама түскен.

«Өрт сөндірушілер келгеннен кейін 20 шаршы метр алаңда 2 қабаттағы бөлмелердің бірінде өрт шыққаны анықталды Өрт тез таралды, жоғарыдағы бөлмелерді түтін басты. Өрт сөндірушілер қою түтін арасында жұмыс істеді.

Елордалық өрт сөндірушілердің күшімен үш иінді көтергіш арқылы 2 адам аман-есен құтқарылды. Жатақхананың 60 тұрғыны эвакуацияланды», - делінген хабарламада.

Тұрғындарды орналастыру мәселесін жатақхана иесі шешеді.

ТЖД күштерімен өрт 22.28-де оқшауланып, 22.48-де сөндірілді.

«Өртті сөндіруге Астана қаласы ТЖД жеке құрамынан 41 адам мен 9 бірлік техника жұмылдырылды.  Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.