Қайғылы оқиға 16 шілдеде Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолында болған
Атырау облысында жантүршігерлік жол апаты салдарынан 7 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 16 шілдеде сағат 15:00 шамасында Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолының 82 шақырым тұсында болған.
«Chevrolet Cobalt маркалы автокөлігі қарсы бағытта келе жатқан Toyota Ipsum көлігіне соқтығысып, жол-көлік оқиғасы болды. Соққы салдарынан Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі мен 4 жолаушысы, Toyota Ipsum көлігінің жүргізушісі мен 1 жолаушысы оқиға орнында қаза тауып, 2 жолаушысы түрлі дене жарақатымен Жылыой аудандық ауруханаға жеткізілді», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тиісті іс-құжаттар жинақталып жатыр.
«Құрметті тұрғындар, көлік жүргізушілері, жолаушылар! Жол апатының арты ауыр зардаптарға әкеп соқтырады! Өзіңіздің және өзгенің өмірі мен денсаулығына немқұрайлы қарамаңыз! Аталған екі автокөліктің жүргізушілері бұрын бірнеше рет көлік жылдамдығын шамадан тыс арттырғаны үшін жауапкершілікке тартылғаны анықталды», - деді Атырау облысы полиция департаменті жанындағы патрульдік ротасының командирі полиция капитаны Әділбек Шахметов.