Шымкентте ер адамды бірнеше рет пышақтап қашып кеткен күдіктіге іздеу жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Оған бұған дейін де екі рет іздеу жарияланған

Фото: polisia.kz

Шымкентте жергілікті азаматты бірнеше жерінен пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен ер адамға іздеу жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оған бұған дейін де екі рет іздеу жарияланған.

«Шымкент қаласы ПД Еңбекші аудандық полиция бөлімі 1994 жылы туған Тойшыбек Бағлан Нұрланұлына іздеу жарияланады. Бұрынғы мекенжайы – Шымкент қаласы Самал-1 мөлтек ауданы, Еркіндік көшесі 34 үй. Бағлан Тойшыбек 2021 жылы 24 қараша сағат 20:00 шамасында Күншығыс мөлтек ауданы №3 үй жанында жергілікті азаматты бірнеше рет пышақтап, ауыр дене жарақатын салып, оқиға орнынан ізін суытқан», - делінген хабарламада.

Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодесінің 24-99-бабы 1-бабы «Кісі өлтіруге оқталу» бойынша тіркелді.

«Ер адам тергеу мен соттан бой тасалап тұрғылықты мекенжайынан көшіп кеткені анықталды. Бұған дейін, 2021 жылы Бағлан Тойшыбекке қатысты екі рет іздеу жарияланды, олардың бірі – халықаралық іздеу», - дейді полиция өкілдері.

Өкінішке қарай, атқарылған жұмыстар өз нәтижесін бермеген.

«Суретте көрсетілген ер адамды көрген-білгендер болса, бірден полицияның 102 арнасына немесе ( 8-771-671-56-63 ) 57-27-42 , 51-22-01 , 57-27-60 , 57-01-02 , факс: 57-03-41 нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз», - делінген хабарламада.