Астана-Щучинск трассасында өртенген көліктегі адамдарды құтқарған азамат жол апатын өзі жасаған
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды
Әлеуметтік желіде Астана-Щучинск трассасында жанып жатқан көліктегі адамдарды құтқарып жатқан азаматтың видеосы жарияланған болатын. Полиция мәліметінше, жол апатын зардап шеккендерді көліктен шығарып алған ер адамның өзі жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«24 маусым сағат 17:00 шамасында ПБ кезекші бөліміне Щучинск қаласы бағытындағы Астана-Щучинск автожолында екі автокөліктің қатысуымен ЖКО болғандығы туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары ЖКО Астана-Петропавл автожолының 102 шақырымында болғанын анықтады. 39 жастағы Exceed TXT автокөлігінің жүргізушісі Көкшетау қаласы бағытында жүріп келе жатып, қашықтықты сақтамай, ілеспе бағытта келе жатқан Daewoo Nexia автокөлікпен соқтығысқаны анықталды. Нәтижесінде, Daewoo Nexia автокөлігі өртеніп, 39 жастағы Exceed автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушыға өртенген көліктен шығуға көмектесті. Cалдарынан 24 жастағы жүргізуші мен 32 жастағы жолаушы ауруханаға жатқызылды. Тексеруден кейін жолаушы үйге жіберілді. Жүргізуші жансақтау бөлімінде», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.