Балқаш көлінің маңында 9 мың гектарға жуық аумақ өртеніп кетті
Өрт ошағы елдімекендерден 100 шақырымдай жерде орналасқан
Балқаш көлінің маңында болған өрт 8,5-9 мың гектар аумақты жайпаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақтағы алғашқы өрт нүктесі 21 маусымында сағат 21:33-те тіркелген.
«Соңғы күндері Балқаш көлінің жағасында бірнеше өрт болды. Ірі өрттердің бірі Балқаш қаласының маңында, көлдің оңтүстігінде болды. Өрт ошағы Балқаштың оңтүстігіндегі ең жақын елдімекендерден 100 шақырымдай жерде орналасқан», - делінген хабарламада.
Ғарыштық мониторинг мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта өртенген аумақтың ауданы шамамен 8,5-9 мың гектарды құрайды.
25 маусымда таңертең солтүстіктен соққан жел 3 м/с құрады, ауа температурасы 23 градус болып тұрС. Сондай-ақ Балқаш жағалауындағы Жетісу облысының Қаратал ауданы аумағында тағы 2 өрт шықты.
Тақырыпқа орай: Іле-Балқаш резерватында қамыс өртеніп жатыр
Айта кету керек, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ кеңістіктік ақпарат департаментінің қызметкерлері облыстардағы ТЖМ және ТЖД-мен тұрақты байланыста болып, отандық және шетелдік серіктестердің Planet сияқты жер серіктері көмегімен қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп отыр.
Биылдың өзінде елімізде 1800-ден астам орман және дала өрті тіркелген.