Астанада жазасын өтеуші колонияға алкоголь алып өтпек болған

Автор: Azattyq Rýhy

Алкогольдің иісі шыққандықтан табылған зат тәркіленіп, сараптамаға жіберілді

Фото: Астана қаласы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі

Астанада жазасын өтеуші колонияға алкоголь алып өтпек болған. Оқиға №3 түзеу мекемесінде орын алды. Жазасын жеңілдетілген мекемеде өтеуші Н. күнделікті жұмысына шыққан. Кешке мекемеге оралу кезінде ол өзімен бірге су құйылған бөтелкені алып кірмек болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алайда, Астана қаласы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бақылау-өткізу пункттіндегі мекеме қызметкерлері тексеру барысында бөтелкедегі судан алкогольдің иісін анықтаған. 

Жазасын өтеуші жұмыста жүргенде 3 ампула спиртті сумен араластырғанын, оны мекеме қызметкерлерінен тығып мекемеге кіргізіп өзі ішпекші болғанын мойындады.

Алкогольдің иісі шыққандықтан табылған зат тәркіленіп, сараптамаға жіберілді.

Айта кету керек, бұл жағдай – тыйым салынған заттарды мекеме аумағына әкелуге тырысқан алғашқы дерек емес.

Жазасын өтеушіге ескерту берілді.