Павлодарда көшеде ұйықтап жатқан мас әйелді полицейлер ұстады

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді

Фото ашық дереккөзден

Полиция қызметкерлері мас күйінде ұсталған павлодарлықтарды Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Павлодар облысы полиция департаментінің хабарлауынша, жаз басталғаннан бері көшелерде алкогольді ішімдіктерді асыра пайдаланатын тұрғындар көбейген. 

«Жыл басынан бері ішімдік ішіп, көше мен қоғамдық орындарда жүргені үшін 4 мыңға жуық павлодарлық жауапқа тартылды», – дейді Павлодар қаласы Полиция басқармасының бастығы Ермек Әлжанов.

Полицейлер 15 маусым күні түскі уақытта Гагарин көшесіндегі 68-ші үйдің жанында патрульдеу кезінде орындықта ұйықтап жатқан әйелді көрген. Ол әйелден ішімдіктің өткір иісі шығып тұрған. Оятып алғаннан кейін ішіп алған әйел аяғын әрең басып жүрген. Дәл сол күні Целинная 91 көшесіндегі үйдің жанында полиция қызметкерлері лас, жыртылған киімде болған мас ер адамды байқаған.  

Барлық жағдайда полиция қызметкерлері масаң күйдегі ұстаған азаматтарды уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді. Медициналық куәландыру алкогольдік масаңдықты растағаннан кейін олардың барлығы ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың едәуір бөлігі алкогольдің әсерінен жасалады. Егер сіз қоғамдық жерде біреудің ішімдік ішіп жатқанын немесе тәртіп бұзғанын көрсеңіз, полиция немесе жедел жәрдем шақырыңыз», – деп атап өтті Ермек Әлжанов.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабына сәйкес көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиеті мен қоғамдық адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде пайда болғаны үшін құқық бұзушыға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер бұл әрекеттер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалса, онда құқық бұзушыға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады.