Ақтөбеде биіктен құлаған 19 жастағы қыздың өліміне қатысты күдікті қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір полицейлер қыздың жетінші қабаттан секіріп кетуіне не түрткі болғанын анықтап жатыр

Фото ашық дереккөзден

Ақтөбеде жетінші қабаттан құлап өлген қыздың өліміне қатысы бар деген күдікпен бір адам қамауға алынды. Ол зорлық жасады және өлімге итермелеу бабымен айыпталып, қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

 «Күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына  қамалды. Қылмыстық істі тергеу шеңберінде өзге де ақпарат жарияланбайды. ҚР ҚК 105-бабы, өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу және ҚР ҚК 1-бөлігінің 120-бабы – зорлау бойынша қылмыстық іс тіркелді», - деді Ақтөбе қаласы ПБ бастығының орынбасары Ерболат Масақбаев.

19 жастағы бойжеткеннің кісі қолынан өлгенін туыстары айтқан. Өйткені қыз құлаған пәтерде қан іздері бар. Ал марқұмның үстінде  футболкадан басқа киім болмапты. Оқыс оқиға болар күні бойжеткен жақын досымен бірге болыпты. Сол танысы зорлық көрсетіп, артынша қылмысын жасыру мақсатында балконнан лақтырып жіберуі мүмкін дейді қаралы отбасы. Қазір тәртіп сақшылары күдіктіні тергеп, қыздың жетінші қабаттан секіріп кетуіне не түрткі болғанын анықтап жатыр.