Алматыда Іле Алатау ұлттық паркінде от жаққандарға 1,3 млн теңге айыппұл салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Рейд барысында ерекше қорғалатын аймақтарда өрт жағудың 4 фактісінің жолы кесілді

Фото: Алматы ТЖД баспасөз қызметі

Алматыда Іле Алатау ұлттық паркінде от жаққан төрт адам әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық ТЖД баспасөз қызметі мәліметінше, Алматы тауларында 45 бірлескен рейд жүргізілді. Оның барысында демалушыларға жадынама таратылған.

Сонымен қатар ерекше қорғалатын аймақтарда өрт жағудың 4 фактісінің жолы кесілді.

«4 жеке тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 367-бабы бойынша жалпы сомасы 1 380 000 айыппұл салынды. Сондай-ақ, табиғат қорғау полициясы 505-бап бойынша ескерту түрінде 5 хаттама толтырды»,- деп хабарлады ведомстводан.

Алматы қаласының аумағында Іле Алатауы ұлттық паркінің 20 мың 805 гектары бар.

Табиғи өрттің алдын алу үшін Алматы қаласы ТЖ және полиция департаментінің қызметкерлерінен тұратын мобильді топтар жұмыс істейді.

Бұл қызметке орман шаруашылығы мекемелерінің салт атты қызметкерлері қолұшын созып, еріктілер де қатысты.

Бұл топтар өрт тұтануы ықтимал деген «ыстық» аймақтарды тексереді.

Рейд кезінде тепловизормен және құлақтандыру жүйесімен жарақтандырылған дрондар, құлақтандыру автомобильдері қолданылады.

Қала аумағында орналасқан табиғи парктер «ерекше қорғалатын табиғи аумақ» мәртебесіне ие.

«Табиғатта ашық оттың жағылуына жол бермеу өте маңызды. Құрғақ шөп пен қоқысты өртемеңіз. Құрғақ шөпті әдейі өртейтін адамдар табиғатқа қауіп төндіреді. Мысалы, жеке ауланың иелері мен бағбандар ыстық күннен кеуіп қалған шөп пен қоқысты өртеп жібереді», – деді қалалық департаментте.

Айта кетейік, Іле Алатауы ұлттық паркінде ыстық тамақ дайындау үшін арнайы жабдықталған 14 орын, Алма-Арасан шатқалының аумағында - 12 орын, «Бутаковкада» - 2 орын бар.