Дертке шалдыққан малдан арнайы сынама алынып, сараптамаға жіберілді
Ақмола облысында 26 бас ірі қара бруцеллез дертіне шалдықты. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, ауырған үй жануарлары Атбасар ауданына қарасты Маринов ауылында анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Хабар24»-ке сілтеме жасап.
Ал былтыр ірі қара індеті дәл осы елді-мекен іргесіндегі Бес Хазірет ауылында тіркелді. Қазір қос аймақта санитарлық шектеулер енгізілді. Яғни ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарына сырттан мал әкелуге тыйым салынды. Қазір Маринов ауылында дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дертке шалдыққан малдан арнайы сынама алынып, сараптамаға жіберілді.
«Мариновкадағы 1 300 бас малдан қан алғанда, 26 малдың қаны оң нәтиже көрсетті. Бұл оң нәтиже көрсету деген бруцеллезбен ауырды деген мәселе емес, бруцеллездің қоздырғышы организмге енді деген сөз. Сол еңген кезде біз бірден сол малдың санитарлық талаптар арқылы көзін құртамыз деуге болады», - деді ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.