Түркістан облысында су қоймасының ортасында қалып қойған қайықтағы 3 адам құтқарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Құтқарылғандардың жағдайы бірқалыпты, медициналық көмек қажет болған жоқ

Түркістан облысында су қоймасының ортасында қалып қойған қайықтағы 3 турист құтқарылды, деп Azattyq Ruhy ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

101 телефонына Шардара су қоймасында демалушылардың қайықпен суға кетіп, қайта оралмағаны туралы хабар түскен.

Оқиға орнына жеткенде қайық бұзылып, 3 адамның су ортасында қалып қойғаны анықталды.

Құтқару жұмысына Түркістан облысы жедел құтқару жасағы және полиция департаментінің қызметкерлері жұмылдырылды.

Бір сағат ішінде шұғыл қызметтер авариялық-құтқару жұмысын аяқтап, адамдарды жағаға шығарды.

Құтқарылғандардың жағдайы бірқалыпты, медициналық көмек қажет болған жоқ.

Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салады.