Тәртіп сақшыларын оқиға орнына суицид жасамақшы болған ер адамның әйелі шақырған
Шымкент қаласы Еңбекші АПБ-ның «102» арнасына 1 маусым күндізгі сағат 11:15 шамасында әйел кісі қоңырау шалған. Ол тәртіп сақшыларынан көмек сұрап, күйеуінің өз-өзіне қол жұмсағалы жатқанын жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, ер адам жұбайына бейнеқоңырау арқылы байланысқа шығып, қоштасқан. Шақырту бойынша, осы аумаққа қызмет көрсететін 3-ротаның патрульдік полицейлері оқиға орнына жетті. Алайда жедел келген тәртіп сақшылары қақпа жабық болған соң, үйге кіре алмаған.
Полицейлердің бірі қоршау арқылы асып өту үшін жоғарыға көтеріліп, осы уақытта оның серіктесі құлыпты бұзып, қақпадан кірген.
«Патрульдік полиция қызметкерлері аумақты тез арада шолып, ауланың артқы жағында қосалқы құрылыстардың арасынан арқанға ілінген адамды тапты. Содан кейін ер адам тұншығып қалмас үшін, оны көтеріп, тәртіп сақшылары арқанды кесіп үлгерген. Медицина қызметкерлері де дер кезінде көмек көрсетті. Қазіргі таңда, азамат ауруханада дәрігерлердің бақылауында. Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр», - делінген хабарламада.