Оларға 7 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
Ақтөбе қаласында деструктивті діни ағымның 8 өкілі қарақшылықпен және қорқытып тартып алу қылмыстарымен айналысқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық прокуратура хабарлауынша, деструктивті діни ағымның 8 жақтаушысына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.
«20 мен 36 жас аралығындағы сотталушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2-бөлігінің 1,2,3-тармақтары, 192-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы (қарақшылық, қорқытып алу) бойынша сотталды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктілер бұрын бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтегеннен кейін, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, мүліктер мен ақшалай қаражаттарды Ақтөбе қаласының тұрғындарынан күш қолдану арқылы иемденгені анықталды», - делінген ведомство хабарламасында.
Мәселен, күдіктілер (сотталушылар) 2022 жылдың маусым айында Ақтөбе қаласында жәбірленушінің үйіне келіп, пышақ қолдану арқылы қорқытып, автокөлікке отырғызған, ары қарай өздері жалға алған ТҚҚ (техникалық қызмет көрсету станциясына) алып келіп, 2 млн теңге ақша қаражатын иемденіп, жәбірленушінің атына тауарлық кредиттер рәсімдеген.
Сонымен қатар күдіктілер шілде айында Ақтөбе қаласында қылмыстық әрекеттерін жалғастыра отырып, ер адамды үйден алып кетіп, оны техникалық қызмет көрсету станциясына алып келген, әрі қарай одан ақша қаражатын талап етіп, жәбірленушінің қаражаты жоқ екеніне көз жеткізіп, жәбірленушінің әкесіне тиесілі ВАЗ 21140 автокөлігін заңсыз иемденген.
«Сот мемлекеттік айыптаушының пікірімен келісіп, оларды кінәлі деп танып, әрқайсына 7 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - делінген хабарламада.