Оқиға Игілік тұрғын алабының аумағынан ағып өтетін Бадам өзенінде болған
Шымкентте екі жасөспірім 6 жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Шымкент қаласының ТЖД мәліметінше, оқиға 10 мамырда Игілік тұрғын алабының аумағынан ағып өтетін Бадам өзені болған.
«Шомылуға келген бір топ бала өзенге кішкентай бала батып кеткені туралы айтады. Алғашқы сәтте бұған сенбеген Ердаулет пен Рамазан оқиға орнына барады. Суда баланың денесі қалқып жүргенін көріп, оны жағаға алып шығады.
Рамазан Аманкелдиев бүлдіршіннің іші ісіп, денесі көгеріп бастағанын байқап, тез арада реанимациялық іс-әрекеттерге кіріседі. Ол шаршаған сон қасындағы Ердаулет Шыңғысхан ары қарай реанимациялық іс-әрекеттерді жалғастырады. Тоқтаусыз жасаған әрекеттер өз нәтижесін берді. Жас баланың ауызынан су шығып, демала бастайды. Өзіне келген бала не болғанын түсінбей жылап қалған», - деп жазады ТЖД өкілдері.
Баланың есін жиғанын көрген Рамазан мен Ердаулет қуанып кетеді.
«Осылайша, дер кезінде көмекке келіп, дәрігерлік алдын медициналық көмек көрсеткен екі жасөспірім оқушылардың арқасында кішкентай бала аман қалды. Бүгінгі күннің батырлары – қаладағы №128 жалпы орта мектептің 8-сынып оқушысы Ердаулет Шыңғысхан мен оның досы, 9-сынып оқушысы Рамазан Аманкелдиев», - делінген хабарламада.