Қазақстанда тағы бір қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы қамауға алынды

Azattyq Rýhy

Күдікті жарнамалық шоу-презентацияларды өткізу кезінде ұсталды

Қазақстанда тағы бір қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы қамауға алынды
Фото: Zakon.kz

Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Hit beat music» деп аталатын қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомство мәліметінше, күдікті жарнамалық шоу-презентацияларды өткізу кезінде ұсталды.

«Hit beat music» (HBM Group) инвестициялар саласындағы ақпараттық-талдамалық компания ретінде жасырынып, өзінің заңсыз қызметін жүзеге асыратыны анықталды. Компания аңғал азаматтарға тұрақты сыйақы алуға кепілдік беретін канадалық музыкалық инвестициялық жобаларға ақша салуды ұсынған», - деп атап өтті ҚМА өкілдері.

Сонымен қатар «Hit beat music» (HBM Group) Қазақстан аумағында заңды тұлға, өкілдік және филиал ретінде тіркелмеген, сондай-ақ ашық банктік шоты жоқ.

«Салымшылардың жарналары кіріс кассалық ордерлерін ресімдемей қолма-қол нысанда жүргізіледі. Тіркелген пайдаланушылардың жалпы саны 2300-ден асады. Қазіргі уақытта «Hit beat music» ұйымдастырушысына қатысты 2 айға дейінгі мерзімге «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», - делінген хабарламада.

ҚМА мен прокуратура органдары азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырады.

«Егер сіз және сіздің жақындарыңыз «Hit beat music» қызметіне тап болса, ҚМА call - орталығына хабарласуыңызды сұраймыз. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі», - деп ескертті ведомство өкілдері.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.