СҚО-да былтыр жұмыс орнында сегіз адам қаза тапқан

Автор: Azattyq Rýhy

Ал 41 адам өндіріс орындарында зардап шекті

Фото ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында былтыр өндірісте жазатайым оқиға кезінде 8 адам қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр жалпы зардап шеккендердің 19,5%, ал мерт болғандардың 12,5% - әйел.

2021 жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалардан зардап шеккендердің саны 4,6% азайған. Өткен жылы барлық зардап шеккендердің 61% – жеке меншік кәсіпорындар мен ұйымдарда, 29,3% – мемлекеттік және 9,7% – шетелдік заңды тұлғалардың меншігіндегі кәсіпорындарда жұмыс істеген.

Өндірістегі жазатайым оқиғалар кезінде зардап шеккендердің әрбір үшіншісі - біліктілігі жоқ жұмысшы.

Зардап шеккендердің ең көбі - 9 адам ауыл, орман және балық шаруашылығында жұмыс істеген.

Өндірісте жарақат алған 10 адам өрескел абайсыздықтан, алтауы - жол қозғалысы ережелерінің бұзылуынан, бесеуі – жұмысты дұрыс ұйымдастырмаудан зардап шеккен.

Сондай-ақ зардап шегушінің биіктен құлауынан 12 адам жарақат алды. Ұйымның көлігінде, қоғамдық көлікте болған жол-көлік оқиғасында және зардап шегушінің биіктен құлауынан бес адамнан зардап шекті.

Өндірістегі жарақаттанушылыққа байланысты 16 адам жабық сынық алды, 12 жұмысшының ішкі ағзаларына зақым келді, 8 адамда сүйегі шығып кетсе, 5 адамда ашық сынықтар болған.

Жалпы былтыр өндірісте болған жазатайым оқиғалар бойынша материалдық төлемдер 15,1 млн теңгені құрады, одан 8,3 млн теңгесі еңбекке жарамсыздық парағы бойынша төленсе, 6,8 млн теңгесі бірреттік жәрдемақылар.