Елімізде биыл 10 адам пойыз астына түсіп қаза тапқан

Автор: Azattyq Rýhy

Көліктегі полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, оқыс оқиғалардың орын алуына теміржол өткелдердің жоқтығы себеп

Фото ашық дереккөзден

Елімізде жыл басынан бері 10 адам пойыз астына түсіп, мерт болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Хабар24»-ке сілтеме жасап.

Көліктегі полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, оқыс оқиғалардың орын алуына теміржол өткелдердің жоқтығы себеп. Дегенмен халықтың өзінен де бар, дейді.

Яғни азаматтар, өтуге тыйым салынған жерден, емін-еркін жолды кесіп өтеді екен. Мәселе өзекті. Жауаптылар не дейді? Жәйрем мен Түгіскен ауылдарының жүздеген тұрғыны, күн сайын өмірін қатергі тігіп, тәуекелге бел буады. Себебі осы Жеңіс бекетіндегі шойын жолдарымен бір емес, күніне бірнеше рет өтуге мәжбүр. Мұндағы жалғыз өткелдің сыйқы осындай. Бәрінен бұрын балалар үшін алаңбыз, дейді тұрғындар. 

«Жүк пойызы бірінші жолға келіп, ұзақ тұрып алады. Біз екінші жолға жиі келетін жолаушылар пойызын күтіп отырамыз. Жолдың арғы бетіне қалай өтуге болады? Пойыздың астымен қысы-жазы жорғалап өтуге мәжбүрміз. Балаларын арқалаған жас аналар, жасы келген қариялар, барлығына жорғалауға тура келеді. Бұл - өте қауіпті!», - дейді Жәйрем ауылының тұрғыны Ольга Боярова.

Қыстыгүні Астанадан келген қызымды бірнеше рет осы бекеттен күтіп алдым. Келсем, екінші жолда жүк пойызы тұр екен. Жолаушылар пойызы жүріп кетті. Қызым жолдың арғы бетіне өтуі үшін, пойыз астымен жүруіне тура келді. 

Екінші шойын жолға немесе арғы бетке өту үшін, жерүсті яки жерасты өткелдерінің болуы маңызды. Бұл ең алдымен, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жалпы елдегі магистарлдық желісінде 82 көпір бар. Бірақ елдің барлық бекетінде өткелдер салынбаған. 

«ҚР қайырлар жинағына сәйкес жаяу жүргінші көпірлері тек қана жаңа және жаңартылған теміржолдарда салынады. Өз кезегінде компания адамдардың теміржол арқылы қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін, жаяу жүргіншілер төсемдерін жолдармен бір деңгейде төсеу жұмыстарын жүргізуде. 2017-2021 жылдары аралығында 64 станцияда осындай төсеніштер төселген. Ол төсеніштер жарықтандыру мен қауіпсіздік белгілерімен қамтамасыз етілген. Оған қарамастан біздің компаниямызда адамдарды жолға шығуын доғару мақсатында 24 станцияда «қоршау» салынған», - деді Жол және құрылыстар департаментінің бас менеджері Ардақ Төлеуғалиев.

Теміржол қауіпті аймақтардың бірі есептеледі. Бірақ оны ескере бермейтін азаматтар бар, дейді құзырлы органдар. Шойын жолға жақын орналасқан жердің тұрғындары арасында, рельсті оңды-солды кесіп өте беретіндер де жоқ емес. Жыл басынан бері 12 азамат түрлі дене жарақатын алса, 10 адам оқиға орнында қаза тапқан. 

«Бізде қазіргі таңда жолды белгіленбеген жерлерде кесіп өту фактілері орын алуда. Бүгінгі таңда 10 мыңға жуық адам осы құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылып отыр. Бүгінгі таңда 5 жарым мыңнан астам әртүрлі профилактикалар, рейдтік шаралар, акциялар және халықпен кездесу өткізуіне қарамастан осындай көрсеткіш болып отыр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 559-бабы 5-бөліміне сәйкес, осы құқықбұзушылық үшін ескерту немесе 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген», - деді ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.

Қазір Көліктегі полиция департаменті мен Қазақстан Теміржолы ұлттық компаниясы бірлесіп, 2022-2024 жылдарға арналған жол картасын әзірлеген. Оның аясында теміржол нысандарындағы азаматтардың және жүк пен адам тасымалдайдын пойыздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, 100 пайыз цифрландыру көзделіп отыр. Жоспарға сәйкес, бекеттерге бейнекамералар орнатылып, шойын жол бойында «қоршаулар» орналастырылуы тиіс. Түрлі қауіпсіздік белгілерін қою да жоспарда бар. Бірақ станциялардың өткелдермен қашан қамтамасыз етілетіні белгісіз.