Себебі өрт елдімекенге таяп қалған
Абай облысы Березовка ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшуге қамданып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Себебі орман өрті елдімекенге таяп қалған. Жергілікті билік әзірге қауіп жоқ екенін айтады. Дегенмен көшемін дегендерге арнайы көліктер дайындап қойған. Сонымен қатар Ивановка және Ауыл елдімекендерінің тұрғындары үшін автобустар әзір тұр. Аталған ауылдардың халқы әзір қозғала қоймады.
Айта кетейік, құтқарушылар мен орманшылар кешеден бері қызыл жалынмен арпалысып жатыр. 400-ден астам адам, 100-ге тарта техника мен 2 тікұшақ жұмылдырылды. Алайда қатты жел болып, өртті сөндіру қиындап кетті. Таңертеңнен бері тікұшақтар көктен 157 тонна су шашқан. Алдын ала болжам бойынша, 1,5 мың гектарға жуық алқап өртеніп кетті.
«Бородулиха ауылында апайым тұрады. Соған кетіп бара жатырмыз. Қазір өрт жақындап қалғанын полиция келіп айтты», - дейді Березовка ауылының тұрғыны Ерлан Биғазиев.
«Елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен тұрғындарды көшіру үшін автобус дайындап қойдық. Халыққа түсіндіру жұмысын жүргіздік», - деді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.