Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр
Қаржы мониторингі агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті қаржы пирамидасын құрғандарға қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жеке тұлғалардан 24%-дан 54%-ға дейінгі мөлшерде төлемдер беру уәдесімен қаражат тарту мақсатында «Life is good» және «Hermes» жобалары бойынша қаржылық (инвестициялық) пирамидаларын ұйымдастыруға күдікті тұлғаларға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тартылған қаражат көлемі 120 млн теңгені құрады», - делінген ҚМА хабарламасында.
Қазіргі уақытта қаржылық пирамиданы ұйымдастырды деген күдікпен ілінген әйел ұсталып, соттың санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.
«Егер сіз және сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетінен зардап шексе, ҚМА саll-орталығына хабарласыңыз», - дейді агенттік өкілдері.
Еске салайық, Қаржылық мониторингі агенттігі қаржы пирамидасы ретінде әрекет етеді деген күдікке ілінген, сондай-ақ сот үкімі шыққан ұйымдардың кеңейтілген тізімін жариялады.
«Азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырамыз. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі», - делінген ҚМА хабарламасында.