Алматы қаласының полиция департаменті шулы оқиғаға қатысты пікір білдірді
Таныстарымен бірге кино залға барған 20 жастағы қыз топтық зорлаудың құрбаны болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Бұл туралы қоғам белсендісі Дина Таңсәрі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Жәбірленушінің сөзінше, оны алдымен мекеменің директоры зорлаған, артынша бірден қорқытуға көшкен. Полицияға хабарласа, түсіріп үлгерген интимдік фотосуреттері мен бейнелерін желіде таратамын деп қоқан-лоққы көрсеткен.
«Қыз басынан өткізген қысым мен қауіп-қатерге төтеп бере алмады. Барға барып бөтелкені сындырып, өзіне қол жұмсамақ болған. Зорлағандардың үшеуі де қорыққандарынан қашып кеткен. Екеуі әлі ұсталған жоқ. Кеше біреуі табылды, жауап алынды және босатылды. Тергеуші сараптаманың нәтижесін күтетінін айтты», - деп жазды «Не молчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі.
Белгілі болғандай, зорлау кезінде кинорум қызметкерлері ғимаратта болмаған, кассир де сыртқа шығып кетіп, камералар өшірілген.
Оқиға 13-14 мамыр аралығында болған.
«Топтық зорлау, бұл ауыр қылмыстың жазасы үшін 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Әсіресе өз-өзіне қол жұмсау әрекетін тудырғандарға. Неліктен полиция мойындау туралы куәлік берген күдіктіні ұстамады? Неліктен күдіктілердің ағалары қызға барады, қудалайды, қорқытады? Үшеуін де дереу ұстауды талап етеміз. Жәбірленушіге адвокат пен психологтың көмегі керек», -деді Дина Таңсәрі.
Алматы қаласының полиция департаменті аталған шулы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Полицияның ақпаратынша жан-жақты тергеу жұмыстары басталған.
«2002 жылы туған Қ. арызы ҚР ҚК 120-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелген. Іс жүргізу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Қазіргі уақытта ҚР ҚІЖК 24-бабының талаптарын орындау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағытталған.
Сонымен қатар, ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат таратылуға жатпайтынын нақтылаймыз. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚІЖК 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы оның кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі», - деді Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.