СҚО-да соңғы он жылдағы ең ірі есірткі партиясы тәркіленді

Автор: Azattyq Rýhy

Көлік жүксалғышынан 128 келі кептірілген марихуана табылды

Фото: polisia.kz

СҚО полицейлері соңғы 10 жыл ішіндегі ең ірі есірткі партиясын тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Ryhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Солтүстікқазақстандық полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі жеткізу арнасының жолын кесті. Аса ірі мөлшердегі марихуана партиясы тәркіленді. Күдіктілерді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері құрықтады.

Петропавл – Астана автожолында тәртіп сақшылары Volkswagen Passat автокөлігінің жүргізушісінен көлікті тоқтатуды талап етті. Алайда жүргізуші полицейлердің заңды талабын елемей, жасырынбақ болды. Көп ұзамай жедел уәкілдер автокөлікті Аққайың ауданындағы Астраханка ауылының маңында тоқтатты. Көлік ішінде 29 және 30 жастағы екі петропавлдық тұрғын болды. Жасы кішісі бұрын есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмысы үшін істі болған.

Жүксалғыштан өсімдік тектес зат салынған 5 қап тәркіленді. Сараптама оның жалпы салмағы 128 келі кептірілген марихуана екенін көрсетті. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. Кейінірек тінту шаралары барысында ұсталғандардың бірінің көлікжайынан 300 келі марихуана мен 21,3 келі гашиш жасырылған орын анықталды. Осылайша, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 464 келіні құрады.

«Бұл соңғы 10 жылда облыс полицейлері тәркілеген ең ірі марихуана партиясы. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Күдіктілер қамауға алынды, тергеу жүргізіліп жатыр», – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.