Қайғылы оқиға Абай ауылында болған
Келес ауданында 11 жасар қыз суға батып кетті. Оқыс оқиға аудандағы Абай ауылында болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Отырарға сілтеме жасап.
8 мамыр күні 4-сынып оқушысы сағат 17:00 шамасында «Ошақты» каналына құлап кетіп, қайта шыға алмаған.
Оқиға кезінде жасөспірімнің қасында болған құрбысы оның ойнап жүріп, абайсызда суға батып кеткенін айтқан. Жасөспірімді іздеу шараларының нәтижесінде кешкі сағат 21:20-да қыз баланың мәйіті, құлаған жерінен төмен қарай 5 шақырым жерден табылып, судан шығарылды.
«Дос қызымен бірге Ошақты каналының маңында жүріп, абайсызда түсіп кеткен. Осы қызды іздестіру мақсатында ТЖБ 2 қызметкер, 19 өрт сөндіру бөлімінен 4 қызметкер, полиция бөлімінен 8 қызметкер, жергілікті атқару органдардан 4 қызметкер және туыстардан 12 адам іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды. Іздестіру кезінде Ошақты каналының суы уақытша тоқтатылып, түсіп кеткен жерінен шамамен 5 шақырым жерден қыздың денесін кешкі сағат 21:20-да шығарылды», - деді Келес аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Шыңғысхан Уатбаев.