Бет-жүзін көрсетуден бас тартқан сотталушы үкімді қалыпты қабылдады
Атырауда 3 адамды атып өлтіріп Маңғыстау облысының 30 жасар тұрғыны өмір бойы бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Астана» телаарнасына сілтеме жасап.
Жұрттың үрейін ұшырған қанды қылмыс былтыр наурыз айында болды. Күдіктінің жеңіл көліктегі адамдарға тапаншамен оқ жаудырғаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған. 3 жігіт сол жерде тіл тартпай кеткен, тағы бір жігіт басына тиген оқтан ауыр жарақатпен ауруханаға түсті.
Бір сәтте бірнеше отбасын қайғыдан қан жұтқызған оқиғаға бүгін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында нүкте қойылды. Оның кінәсі сотта толықтай дәлелін тапты деді судья.
Полицейлер күдіктіні ауылына қашып бара жатқан жерінен ұстаған. Оған сондай-ақ 4 отбасының әрқайсына 10 миллион теңгеден моральдық шығын, одан бөлек, материалдық шығын төлеуге міндеттелді.
Бет-жүзін көрсетуден бас тартқан сотталушы үкімді қалыпты қабылдады.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстар жиынтығы бойынша Бауыржан Амангелдіұлы Қараға түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза өтеу орны Бауыржан Амангелдіұлы Қараға Қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесі белгіленсін. Қараға қолданылған күзетпен ұстауға бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын», - деді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Зарема Хамидуллина.