«Әуе көлігіндегі жолаушыны ұрған»: Астанада қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған полицей 5 жылға сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сот оны кіші сержант атағынан да айырды

Фото ашық дереккөзден

Астана қаласы Есіл ауданы сотының үкімімен бұрынғы полиция қызметкері мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында лауазымдарды атқару құқығынан сол мерзімге айырыла отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұрынғы полиция қызметкері зорлық-зомбылық жасағаны және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін, яғни жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соқтырған оның құқықтары мен өкілеттіктерінен тыс айқын әрекет жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сотталды.

Сот белгілегендей, 2022 жылғы 21 желтоқсанда «Fly Arystan» әуекомпаниясының өкілінен әуе кемесінің бортында деструктивті жолаушының болуына байланысты полиция қызметкерлерін «Шымкент ‒ Астана» бағытындағы рейске жіберу туралы хабарлама келіп түседі.

Осыған байланысты оқиға орнына патрульдік полицияның полиция топтары барады.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау үшін жеңіл дәрежелі мас күйінде болған жәбірленуші полиция бөлмесіне жеткізілді. Содан кейін ол полиция бөлмесінен кетуге тырысты, бірақ оның әрекетін полиция қызметкерлері тоқтатты.

Бұл ретте, С. лауазымды тұлға бола отырып, өзінің лауазымдық өкілеттігінен асып, өз іс-әрекеттерінің заңсыздығын сезіне отырып, К. - ны қабырға аймағына тізесімен ұрды. Нәтижесінде жәбірленуші К. үш қабырғаның сынуы түрінде дене жарақатын алды, бұл денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян ретінде жіктеледі», - делінген сот материалдарында.

Апелляциялық шағымдарда адвокат пен жәбірленуші үкімді өзгертуді, ҚК-нің 63-бабын қолдануды және тағайындалған жазаны шартты деп санауды сұрады. Бұл С.полиция органдарында қызмет еткен уақытында жазалары болмағанын, жәбірленушімен татуласқанын және оған қылмыспен келтірілген моральдық және материалдық зиянды өтегенін көрсетті.

«Апелляциялық сот С. құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге арналған құқық қорғау органының қызметкері бола отырып, зорлық ‒ зомбылық көрсетіп, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғанын, осылайша кәсіби антты бұзғанын, осылайша құқық қорғау органының қоғам алдындағы беделіне нұқсан келтіргенін назарға алды», - делінген сот хабарламасында.

Осыған байланысты адвокат пен жәбірленушінің апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылды.

Үкім заңды күшіне енді.