Алматыда ірі көлемдегі есірткі контрабандасының жолы кесілді

Автор: Мира Байбек

Күдіктіге қатысты «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды

Видеодан кадр

Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қалалық авиациялық көлік прокуратурасының үйлестіруімен ірі көлемдегі есірткі заттарының заңсыз айналымының жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Алматы қаласында қызметтік-іздестіру итінің көмегімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында АҚШ-тан пошта арқылы жөнелтілген затты алған тұрғын жалпы салмағы 866 грамм болатын «марихуана» есірткісімен ұсталды.

Ұсталған азаматтың пәтерін тінту кезінде есірткі заттары, 5 дана электронды таразы, сондай-ақ есірткі заттарын қолдануға және орауға арналған құрылғылар тәркіленді», - делінген ҚМА хабарламасында.

Ұсталған азаматтың Telegram мессенджері арқылы есірткі сатумен айналысқаны анықталды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр, бірқатар сараптамалар тағайындалды.

Күдіктіге қатысты «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.