Жыл сайын күннің жылынуымен балалардың да, ересектердің де терезеден құлау оқиғалары жиілейді
Астанада 35 жастағы ер адам 7-қабаттан құлап көз жұмды. Бұл туралы Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
1 мамыр күні сағат 17.33-те «103» қызметінен 9 қабатты тұрғын үй кешенінде терезелерді жуып жатқан ер адамның құлағаны туралы хабар келген.
«1988 жылы туған ер адамның альпинистік жабдығы үзіліп кеткен және 7-ші қабаттан құлаған. Алған жарақаты салдарынан ол сол жерде көз жұмды. Жыл сайын күннің жылынуымен балалардың да, ересектердің де терезеден құлау оқиғалары жиілейді. Көп жағдайда қайғылы оқиғалар ересектердің немқұрайлылығынан және терезелерді жуу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамағандықтан болады», - делінген хабарламада.
Елордадық Төтенше жағдайлар департаменті терезе жууда қауіпсіздік ережесін сақтауды еске салады.