Жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр
Жетібай кен орнында дәнекерлеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде жарылыс болып, жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мangystaumedia.kz жазуынша, жазатайым оқиға «Жетібаймұнайгаз» ӨБ № 5613/28 ұңғымасында («Великая Стена» БК ЖШС (Бұрғылау бригадасы ХДЕС - №56) болған.
«Маңғыстаумұнайгаз» баспасөз қызметі хабарлағандай, алдын ала деректер бойынша «Жетібаймұнайгаз» ӨБ № 5613/28 ұңғымасында «Великая Стена» БК ЖШС (ХДЕС-56 бригадасы) монтаждау жұмыстарын жүргізді, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде жарылыс болды.
Газбен дәнекерлеуші, ҚР азаматы, оқиға орнында қаза тапты. Ал бұрғылау қондырғысының шебері, ҚХР азаматы басынан жарақат алып, ауылдық ауруханаға жеткізілді.», - делінген хабарламада.
Оқиға орнына жедел түрде Маңғыстау ауданының полиция қызметкерлері келді. Жазатайым оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу жүргізеді.
«Сондай-ақ «Великая Стена» БК ЖШС тарапынан жазатайым оқиға туралы жедел түрде Маңғыстау облысының Еңбек басқармасына, осы жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеу жүргізу үшін Маңғыстау облысының индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департаментіне хабарлама жіберілді», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының Еңбек Басқармасы басшылық ететін комиссия құрылуда. Жазатайым оқиғаны тергеуді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылығы жеке бақылауға алды, тергеу белгіленген мерзімде жүргізіліп, кінәлі адамдар ҚР заңнамасына сәйкес жазаланады.
Жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.