Маңғыстау облысында 200 келіге жуық бекіре балығын заңсыз аулағандар ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған дерек бойынша іс қозғалды

Маңғыстау полицейлері 200 келіге жуық бекіре балығын тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Бекіре» ЖПІШ аясында полиция қызметкерлері 17 сәуірде сағат 22:35 шамасында Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылында орналасқан «Kazpost» ғимаратынан 25 дана заңсыз ауланған, салмағы 165 келіден асатын бекіре тұқымдас балықты анықтап, тәркіледі. Сонымен қатар Ақтау тұрғынының автокөлігінің жүк салғышынан 30,5 келі бекіре балығы табылды», - делінген хабарламада.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 42 және 25 жастағы күдіктілердің жеке бастары анықталып, ұсталды.

«Тәркіленген балық «Kazakh Ossetr» ЖШС мекемесіне тапсырылды», - делінген хабарламада.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 339-бабы "Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу" бойынша СДТБТ-де тіркелді.