Оқиға бүгін таңғы сағат 5.00 шамасында болған
Жаңаөзенде көппәтерлі үйде газ жарылып, 11 адам зардап шекті. Қаза тапқандар болған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға бүгін, яғни 17 сәуірде таңғы сағат 5.00 шамасында болған.
«2-шағынауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйде газ жарылысы болды. Соның салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қираған. Оқиға орнында өрт болған жоқ (үйдің жалпы ауданы 600 ш.м.). Алдын ала мәлімет бойынша 11 адам зардап шеккен, олар медицина қызметкерлеріне тапсырылды», - делінген хабарламада.
Қазіргі кезде оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр.
«Оқиға орнындағы жедел, үйіндінің арасын ашу жұмыстарына Маңғыстау облысы ТЖД 50-ден астам құтқарушы және кинологиялық есептоп, 10 бірлік техника, жедел медициналық көмек және жергілікті атқарушы органдары жұмылдырылды», - делінген ТЖМ хабарламасында.