Павлодар облысында орманнан шыққан өрт Ресей аумағына өткен

Автор: Azattyq Rýhy

ТЖД күштері алапат өртті ауыздықтап үлгерді

Фото: Павлодар облыстық ТЖД

Павлодар облысында орманнан шыққан алапат өрт Ресей аумағына тараған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, 13 сәуірде сағат 12:50-де диспетчердің 101 пультіне  Байымбет орманшылығының, «Ертіс орманы» РММ МТОР аумақтарының орман қоры жанып жатқаны, өрттің кейіннен Ресей Федерациясының аумағына көшкені жөнінде хабарлама келіп түскен.

«Ертіс орманы» РММ басшылығының сұрауы бойынша сағат 14-38-де Аққулы ауданының ауылдық округіне «Ертіс орманы» РММ Первомай және Байымбет орманшылықтарының аумағында өртті сөндіруге көмек көрсету үшін Павлодар облысы ТЖД колоннасы жіберілді. Колонна құрамында 4 автоцистерна, командалық-штабтық машина, жоғары өтімді «Вахтовка» автокөлігі жөнелтілді», - делінген хабарламада.

Бұдан басқа, жағдайды мониторингтеу және бағалау үшін ТЖД бастығының орынбасары, облыстық аумақтық инспекция басшылығымен және жер қойнауын пайдалану басқармасымен бірге «Қазавиаспас» тікұшағы ұшып шықты.

«Сағат 20-08-де «Ертіс орманы» РММ аумағында өрт орман шаруашылығы қызметкерлерінің күшімен  92 адам, 24 бірлік техника және Павлодар облысы ТЖД , жеке құрамның 25 адам және 6 бірлік техникамен оқшауланылды», - делінген хабарламада.