«Шыдамдылық танытуларыңызды сұраймыз»: Балқаш қаласының тұрғындары суық сусыз отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Қала әкімдігі жөндеу жұмыстарын бүгін аяқтауға уәде берді

Балқаш қаласының тұрғындары суық сусыз қалды. Оған жер астындағы құбырдың жарылуы себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Белгілі болғандай, диаметрі 800 мм құбырдың ысырма клапанының камерасынан 18 сағат бойы суды сору нәтижесінде, диаметрі 300 мм іргелес құбырдың жарылғаны анықталды. Жағдай қала әкімінің және тұрғын үй - коммуналдық сала бойынша әкім орынбасарының жеке бақылауында.

Алайда тұрғындар екі тәулік бойы суық сусыз қалғандарына налып отыр. Кейбірі су тасушының сол күйі келмегенін айтып шағымдануда. Сондай-ақ, дүкендерде де судың бағасы да күрт қымбаттап кеткен.

Балқаш қаласының әкімі болған келеңсіз жағдайға қатысты пікір білідіріп, тұрғындарды сабырға шақырды.

«Қазіргі таңда 5 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде бір экскаватор, автокран, екі сорғы және тағы техникалар бар. Бригадада 12 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмыс кішкене қиындау. Жоспар бойынша жұмысты бүгін аяқтасақ, желілерді суға толтыратын боламыз. Шыдамдылық танытуларыңызды сұраймыз. Өз тарапымыздан техникалық ақаулар үшін кешірім сұраймыз», - деді ол.