Өлімнің мән-жайын полиция органдары анықтайды
Қарағанды облысы Сарышаған кентінің екі тұрғыны Балқаш көліне балық аулауға барып, суға батып кетті. Құтқарушылар 35 және 58 жастағы ер адамдардың денесін судан алып шықты. Алайда олардың қайығы табылмады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ер адамдар қайықпен балық аулауға шығып, байланысқа шықпай хабарсыз кеткен. Құтқарушыларға балықшылардың жоғалғанын туыстары хабарлаған.
Жоғалғандарды іздеуге Приозерск қаласынан құтқарушылар аттанды. Іздеу жұмысына жергілікті тұрғындар да атсалысты.
Жағалау белдеуі қаралып, құтқарушылар көлдің түбіне бірнеше рет сүңгіген.
«Жағадан шамамен екі шақырым жерде ТЖД іздеу тобы екі ер адамның денесін тапты. Біз қайықты таппадық. Өлімнің мән-жайын полиция органдары анықтайды. Сот сараптамасы тағайындалды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Аймақтың құтқарушылары балықшыларға балық аулау алдында қайықтың жағдайын мұқият тексеріп, әр адамға құтқару шеңбері, белбеу немесе көкірекше болуы керектігін еске салады.
«Дауылды ауа райында және тәуліктің қараңғы уақытында суға шығуға тыйым салынады. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін балық аулағанда жағадан алыс кетпеңіздер»,-деп толықтырды ТЖД баспасөз қызметі.