Жетісуда кәмелетке толмағандарды 9 ай жезөкше еткендер анықталды

Автор: Аягөз Құрмаш

Жәбірленуші қыздар - 8-сынып оқушылары

Фото ашық дереккөзден

Жетісуда кәмелетке толмағандарды 9 ай жезөкше еткендер анықталды. Олардың тапқан табысын «жеңгетайдың» өзі алып отырған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жетісу облысында тоғыз ай бойы алдау арқылы екі кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген 1993 жылы туған әйел анықталды. Жәбірленушілер 2008 жылы туған, 8-сынып оқушылары. Олардың тапқан табысын жеңгетай өзі алып отырған. Аталған фактілер бойынша ҚК-нің 134-бабы (кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту) және ҚК-нің 309-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - деді ҚР Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Сондай-ақ, тағы бір қылмыс ШҚО-да анықталған.

«Облыста еңбекті заңсыз пайдалану фактісі анықталды. 1986 жылы туған шаруа қожалық басшысы зорлық-зомбылық және қорқытып-үркіту арқылы 2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың наурызына дейін 1971 жылы туған жергілікті тұрғынның еңбегін қанап келген. Ер адам үй шаруашылығында және мал күтімінде жұмыс істеуге мәжбүр болды. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізілуде. Жәбірленуші адам саудасының құрбандарына арналған дағдарыс орталығына көмек көрсету үшін орналастырылды», - деді ол.