Астанада притон ұстаған қылмыстық топ қолға түсті

Автор: Аягөз Құрмаш

Олар күн сайын 1млн теңге табыс тауып отырған

Фото ашық дереккөзден

Астанада притон ұстаған қылмыстық топ қолға түсті. Бұл туралы ҚР Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов министрліктің дәстүрлі брифингінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Астанада 6 адамнан тұратын ұйымдасқан топтың қылмыстық әрекеті әшкереленді, ол жыл бойы жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысу үшін притондарды ұстаумен айналысқан. Жүйелі түрде табыс табу мақсатында күдіктілер астананың элиталық тұрғын үй кешендерінің бірінен 3 пәтер жалдап, онда притондар ұйымдастырғаны анықталды», - деді Нұрмағамбетов.

Ол атағандай, қылмыскерлер өз қызметін аса құпия ұстау үшін тұрғын үй кешенінің күзетшілерімен байланыс орнатып, полиция рейдтері туралы ескерту жасау жайында келісім жасасқан.

«Рейдтер жүріп жатқан жағдайда олар дереу жалдамалы пәтерлерден кетіп қалады. Сондай-ақ, клиенттердің пәтерлерге кіруі тек әкімшіге қоңырау шалу арқылы қамтамасыз етілді. Интимдік қызмет көрсетуге қажетті қыздар массаж салондарында жұмыс істеу туралы таратылған жарнамалар арқылы тартылды, бірақ сұхбаттасу барысында оларға жезөкшелікпен де айналысу ұсынылған. Осындай келісім жасалғаннан кейін қыздарға үздіксіз жұмыс істету және тәулік бойы табыс алу мақсатында күндізгі немесе түнгі кесте белгіленді», - деді ол.

Белгілі болғандай, ұйымдастырушылар криминалдық бизнестен орта есеппен күн сайын 1 млн теңгеге дейін алып отырған.

«Полиция қызметкерлері ұстау шаралары кезінде интимдік қызмет көрсететін 11 адамды анықтады. Тінту барысында 20 мың АҚШ доллары, 156 мың Ресей рублі және 720 еуро сомасында ақшалай қаражат тәркіленді. Осы факті бойынша ұйымдасқан топты құру және оған басшылық ету, притон ұстау және жеңгетайлық баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер ұсталды, екеуі қамауда, қалғандарына қатысты «ешқайда кетпеу жөнінде қолхат жазу» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», - деді ҚР Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы.