Ақмола облысында су тасқынының екінші кезеңі болуы мүмкін – мамандар болжамы
Қазіргі уақытта су тасқыны кезеңінің 1-ші кезеңі өтіп жатыр
Ақмола облысында тасқын басталып, бірнеше елді мекен тұрғындарын әбігерге салған еді. Облыс орталығының өзінде бірнеше үйге су кірді. Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, жақын күндері тасқынның екінші толқыны болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Биыл қыс мезгілінде облыс бойынша 1,5 млн текше метрден астам қар шығарылды, 4000 қап инертті материал дайындалды, 180 мың текше метрден астам еріген су сорылды.
«Қазіргі уақытта су тасқыны кезеңінің 1-ші кезеңі өтуде. Ауа температурасының жоғарылауы нәтижесінде елді мекендер мен егістіктерде қар еріп, су тасқынының белсенді фазасы басталды деп айтуға болады. Сандықтау және Атбасар аудандарына департаменттен 30 адам, 7 бірлік техника, 4 бірлік жүзу құралдары, 2 бірлік мотопомпалар мөлшерінде қосымша күштер мен құралдар жіберілді. Жақын арада су тасқынының 2-ші толқыны басталады деп күтілуде. Гидрологиялық бюллетеньге сәйкес облыс аумағында су объектілерінің көпшілігінде гидропосттар ауданында мұз қатудың болмауы, мұз жамылғысының ішінара бұзылуы, ойықтар байқалады», - дейді облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Әсем Мұхамеджанова.
15 наурыздан бастап су тасқынына қарсы облыстық және өңірлік штабтар ашылды. Қазір олар қауіпті аймақтарда жұмыс істеп жатыр.
«Ақмола облысының өзендерінде мұз кептелістерін жою бойынша жарылыс жұмыстарының екінші кезеңі жүргізілуде. Ерейментау ауданы Еркеншілік ауылының маңындағы Қарасу өзенінде және Шортанды ауданы Пригородное және Октябрьское ауылдарының маңындағы Колутон өзенінде үлкен мұз блоктары жарылды. Жұмыстың жалпы ауданы 1100 шаршы метрді құрады, шамамен 200 кг жарылғыш зат жұмсалды. Жүргізілген жұмыстар өзен арналарының өткізу қабілетін арттыруға, еріген су мен мұз массаларының кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, облыс аумағындағы су тасқыны жағдайы облыстық және өңірлік су тасқынына қарсы штабтардың тәулік бойы бақылауында», - дейді Әсем Мұхамеджанова.
Елді мекендерден қар шығару, су өткізу құрылыстарын, каналдар мен арықтарды тазарту бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар Көкшетау, Қосшы, Атбасар, Астрахан, Шортанды, Бурабай аудандарында да белсенді жүргізіліп жатыр.