Саяжайларды су басты: ТЖД Қарғалы өзенінің деңгейі төмендегенін айтты
Аумақтан 116 адам, оның ішінде 48 бала қауіпсіз жерге көшірілді
Ақтөбе қаласында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Өңірлік ТЖД хабарламасына сүйенсек, бүгін Қарғалы өзенінің бау-бақша ұжымдары ауданындағы су деңгейі бұрынғыдан 83 см-ге төмендеді.
«Қазіргі уақытта Қарғалы, Нефтяник, Солнышко бау-бақша ұжымдарында Ақтөбе облысы ТЖД күштері мен құралдары саяжай учаскелерінен алдын ала 116 адамды, оның ішінде 48 баланы қауіпсіз жерге эвакуациялады. Оқиға орнындағы жұмыстарға жергілікті атқарушы органдардың, құтқару бөлімшелерінің, ҚР ІІМ Ұлттық ұлан 6655 әскери бөлімінің күштері мен құралдары жұмылдырылды», - делінген хабарламада.
Полиция органдары қоғамдық тәртіпті сақтауды ұйымдастырды.
Бау-бақша ұжымдарының су басқан учаскелерінде ТЖД күштерімен тәулік бойы мониторинг жүргізу үшін гидробекеттер орнатылды.
Еске сала кетейік, 30 наурызда Қарғалы өзенінің деңгейінің жоғарылауына байланысты бау-бақша ұжымдарында 32 саяжай учаскелері су астында қалған болатын.