Дәрігерлер баланың ауыз қуысының, өңешінің және асқазанының қатты күйіп қалғанын анықтады
Шымкентте 3 жасар бүлдіршін мотор сұйықтығын ішіп, ауыр халде ауруханаға түсті. Баланың аузын, өңешін, асқазанын күйік шалған деген диагноз қойылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазір анасымен бірге ауруханада жатқан 3 жасар Арман білместіктен тежегішке арналған сұйықтық ішіп қойған. Бала бірден ауырып, ата-анасы дабыл қағып, жедел жәрдем шақырған. Бала ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер сәбидің ауыз қуысының, өңешінің және асқазанының қатты күйіп қалғанын анықтады.
«Менің күйеуім көлік жөндеуші, сондықтан бұл сұйықтық үйде болды. Ал менің балам оны абайсызда ішіп қойған», – дейді баланың анасы.
Дәрігерлер балаға қатты токсикалық улану диагнозын қойған. Емдеуден кейін сәбидің жағдайы жақсарып, палатаға ауыстырылды.
«Бала бізге екі күн бұрын келді. Қазір бактерияға қарсы препараттар, түрлі жақпа майлар алып, ем алып жатыр», – дейді Гипербарикалық оттегімен қамтамасыз ету орталығының токсикологы Марат Кәкенов.