Астанада 9-қабаттан секірмек болған жасөспірім қыз құтқарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Оған психологиялық көмек көрсетілді

Фото ашық дереккөзден

Елордалық ювеналды полиция инспекторы 17 жастағы қыз баланың өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция басқармасына Сауран көшесіндегі үйдің 9-қабатындағы терезеден бір қыз секіргелі отырғаны туралы қоңырау түскен.

«Оқиға орнына патрульдік полиция жіберілді. Сонымен қатар тәуліктік кезекшілікте болған ювеналды полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Әсемгүл Құдайбергенова дереу жеткен. Полицейлер қыздың көпқабатты үйдің ашық терезесінде отырғанын және оған жақындап қалса, секіремін деп қорқытқанын анықтады. Әсемгүл Құдайбергенова санаулы секундтарда жасөспірімнің мәселелеріне тереңірек үңіліп, оның сеніміне кіруге тырысқан. Ары қарай қолайлы сәтті пайдаланып, қыз балаға қарай тез жүгіріп барып, оны ішке қарай тартып кіргізген», - делінген хабарламада.

17 жастағы бойжеткеннің мұндай қадамға жас жігітпен жанжалдасуынан барғаны анықталды. Оған психологиялық көмек көрсетілді.

Әсемгүл Құдайбергенова ішкі істер органдарында 20 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол бес баланы тәрбилеп отыр.